05 қаз, 2016 сағат 09:12

Ақтөбедегi оқиғадан кейiн лаңкестiкке дайындалған 7 радикалды топ ұсталды – ҰҚК

Ақтөбедегi оқиғадан кейiн лаңкестiк акт дайындаған 7 радикалды топ пен 4 адамның жолы кесiлдi. Бұл туралы бүгiн ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев Парламент Мәжiлiсiнiң жалпы отырысында мәлiмдедi, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.

Бүгiн Марат Қалқабаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қатысты баяндама жасады.

«Құрметтi депутаттар, сiздердiң қарауыңызға ұсынылған заң жобасын дайындауға елiмiзде және әлемде болып жатқан террорлық қылмыстар ықпал еттi. Оған қарсы күрестiң оң практикасы ескерiлдi. Құзырлы мемлекеттiк органдар экстремизм мен терроризмге қарсы жүйенi дамыту бойынша тұрақты жұмыс атқарып келеді. Дегенмен, Ақтөбе мен Алматыда орын алған соңғы жағдайлар осы саладағы заңдық негiздерге өзгерiстер мен толықтырулар қажеттiлiгiн туындатқан индикаторларға айналды. Сол себептен Мемлекет басшысы 10 маусым күнi Қауiпсiздiк кеңесiнiң отырысында экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл саласындағы заңнаманы жетiлдiруге қатысты шаралар қабылдау туралы тапсырма берген болатын», - дейдi М.Қалқабаев.

Оның айтуынша, бүгiнгi таңда қақтығыс аумағынан тыс жерлерде терроризм кең етек ала бастады. Франция, Түркия, Бельгияда орын алған соңғы оқиғалар террористiк актiлерге қарсы iс-қимыл аумағын кеңейту керектiгiн көрсетіп отыр. Интернетте терроризм идеяларын насихаттаумен қатар, түрлi елдерде азаматтарды лаңкестiк актi жасауға үгiттей бастағандар бар.

«Әр зорлық-зомбылық азаматтарымыздың радикалдану процесiне жол ашады. Мысалы, Ақтөбедегi оқиғадан кейiн лаңкестiк акт дайындаған 7 радикалды топ пен 4 азаматтың жолы кесiлдi. Сондықтан, жаңа заң жобасында террористiк және экстремистiк қылмыстар үшiн жаза күшейтiлмек», - дедi М.Қалқабаев.