13 қыр, 2018 сағат 10:06

Ақтөбедегі көлік жарылысы: Жүргізушісі оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Ақтөбеде жанар-жағармай таситын көлік жарылып, үш адам ауруханада жатыр. Көлік жүргізушісі оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі өндірістік аймақта жанар-жағармай көлігі жарылып, үш адам зардап шекті. Облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Сәкен Қапановтың мәлімдеуінше, екі науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Ал бүгін ауруханада көлік жүргізушісінің де жатқаны белгілі болды.

«Мен ауруханада жатырмын, құлағым және қолымда күйік бар. Түнде дене қызуым көтеріліп, мазам болмады. Оқиға болған күні жанар-жағармай құю көлігінің жанында екі оператор жұмыс істеп, қауіпсіздік ережесі бойынша мен оларды бақылап тұрдым. Бірінші сыйымдылықтағы бензин құйылып, операторлар екіншісіне кірісті. Сол кезде кенеттен жарылыс болды. Оператор Серікбай Палвановтың киімі өртеніп, жүгіре бастады. Мен өз үстімде жанып жатқан киімді шешіп, Серікбайдың киімдерін жұлып, шешіндірдім. Артыма қарасам Зибагүл де жанып жатты. Өрттің қалай шыққанын айта алмаймын»,- деді зардап шеккен жүргізуші Болат Сәрсенов.

Айта кетейік, зардап шеккендер облыстық жедел жәрдем ауруханасында тегін ем қабылдап жатыр. Арнайы құрылған комиссия тергеу жұмыстарын бастады.

«Компанияның өз өрт сөндірушісі бар. Олар лезде іске кірісті. Ал жедел жәрдем шақырылғанымен, оларды күтіп отырмадық. Біз медбикені ертіп алып, Өз көлігімізбен ауруханаға бардық»,- деді Б.Сәрсенов.