18 қар, 2021 сағат 18:35

Ақтөбедегі көлік апаты: Жүргізуші әйел рульге мас күйінде отырған


Ақтөбе облыстық Полиция департаменті жол-көлік оқиғасының видеосын жариялады. Тексеру кезінде жүргізуші әйелдің мас күйде рульге отырғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбеде болған жол-көлік оқиғасы туралы жаңа мәліметтер мен видео шықты. Қызыл түсті «Daewoo Nexia» автокөлігінің жүргізушісі бұрылыста рульге ие бола алмай, «Lada Priora» және «Opel Vectra» автокөліктерімен соқтығысқан. Облыстық Полиция департаменті жергілікті басқару орталығының бейнебақылау камераларына түскен видеоны таратты. 

«Соққы салдарынан «Daewoo Nexia» автокөлігі өртеніп кеткен. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен өрт сөндіру қызметі келген. Облыстық Полиция департаменті Анықтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Эльмира Суликанованың айтуынша, 31 жастағы әйел «Daewoo Nexia» автокөлігін мас күйінде жүргізген. Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Daewoo Nexia» автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушы және «Lada Priora» автокөлігінің жүргізушісі түрлі жарақаттармен Ақтөбе қаласының жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілді. «Daewoo Nexia» автокөлігінің жүргізушісі жансақтау бөлімінде жатыр. Өзгесінің жағдайы қанағаттанарлық», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.