10 жел, 2021 сағат 14:53

Ақтөбеде жолдың қарсы бағытына шығып кеткен жүргізуші көпшіліктен кешірім сұрады


Ақтөбеде мемлекеттік нөмірі жоқ көлік жүргізіп, жолдың қарсы бағытына шыққан жүргізуші ұсталды. Ол көпшіліктен кешірім сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті жолдың қарсы бағытына шығып, ереже бұзған көлік жүргізушісін тапты. 

Әлеуметтік желіге жарияланған материалға сүйенсек, көліктің мемлекеттік нөмірі де болмаған. 

«Әлеуметтік желіге мониторинг жасаған полиция қызметкерлері 9-желтоқсан күні белгісіз адамның «Лада 2170» маркалы көлігімен жол ережесін бұзғанын анықтады. Жүргізуші Әбілқайыр хан даңғылында қарсы бағытқа шығып кеткен. Сонымен бірге оның мемлекеттік нөмірі де болмады. Полиция қызметкерлері оны іздеп тауып, әкімшілік жауапқа тартты», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Айта кетейік, Әкімшілік құқық бұзу кодекс3yің «Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу» бабының бесінші бөліміне сәйкес 50 АЕК көлемінде айыппұл салу көзделген. 

Ал «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бабының екінші бөлімі бойынша 10 АЕК айыппұл көзделген.