Ақтөбеде 24 жастағы жаяу жүргіншіні көлік қағып кетті. Ол ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқиға 6 желтоқсан күні Ақтөбе қаласында болды. «ВАЗ-21099» автокөлігінің жүргізушісі Мәншүк Мәметова көшесінде 24 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
«Жол апатынан кейін көлік жүргізушісі белгісіз бағытқа қашып кеткен. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 32 жастағы жүргізушіні ұстады.
Медициналық сараптама қорытындысына сүйенсек, жүргізуші көлікті жеңіл дәрежедегі мас күйінде басқарған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші Ақтөбе қалалық жедел жәрдем ауруханасына жатқызылды», - деді облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.