Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Ақтөбе қаласында Жаңа жыл мерекесіне орай безендіру жұмысы Тәуелсіздік күнінен кейін ғана басталады. Орталық алаңдағы шыршаны құру, безендіруге биыл да қаржы бөлінбейді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Kazinform-ға сілтеме жасап.
Ақтөбе қаласында соңғы жылдары Жаңа жылдық безендіруге бюджеттен қаржы бөлінбей келеді. Биыл да бұрған дейінгі шыршалар мен әшекейлерді пайдаланады.
- Қаланың басты шыршасы ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында орнатылады. Одан басқа екі ауданның аумағында қойылады. Олар: Есет батыр тұрғын алабындағы супермаркет алды, Алтын орда тұрғын алабындағы Жекпе-жек сарайы мен қалалық әкімдік алдындағы Әйтеке би ескерткішінің жаны. Қаланы безендіру 16 желтоқсаннан кейін басталады. Бұдан бөлек қаланың кәсіпкерлері өз есебінен ғимараттары орналасқан аумақтарын Жаңа жылға орай безендіреді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі 2018 жылдан бері шырша сатып алуға, безендіруге қаржы бөлмеді. Сол кезде қанша бөлінгенін қазір айта алмаймыз. Бұл 6 жыл өтіп кеткен мемлекеттік сатып алу рәсімі әрі құжаттар мұрағатқа жіберілген,- деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.
Ақтөбе қаласы бойынша 25-31 желтоқсан аралығында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.
- Бас шыршаны жағу рәсімі, балаларға арналған «Ғажайыпқа толы жаңа жыл» және есту қабілеті шектеулі балаларға арналған «Қош келдің, Жаңа жылы!», оның ішінде аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға «Жаңа жыл келді» атты шара өтеді, - деді Айгүл Байменова.
Айта кетейік, Жаңа жыл мерекесіне орай Астана, Алматы және Шымкент қалалары арасында қосымша Тальго пойыздары қатынайды.