15 там, 2020 сағат 07:16

Ақтөбеде жалғызбасты зейнеткердің үйін тонап, өлтіріп кетті

Ақтөбе қаласы маңындағы Пригородный ауылының 83 жастағы тұрғынын өлтіріп кетті. Күдікті ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ауыл тұрғындары Жедел басқару орталығына қоңырау шалып, түнде 83 жастағы көршісінің қайтыс болғанын хабарлады. Оқиға орнына барған жедел-тергеу тобы зейнеткердің қылғынып (механикалық асфиксия) өлгенін, зорлық белгілерін анықтады.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 57 жасар ақтөбелік күдіктіні анықтады. Ер адам Ақтөбе қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Ол жалғызбасты зейнеткердің үйіне кіріп, оны тонамақ болған. Зейнеткер дыбыстан оянып кеткен, күдікті оны ұрып-соғып, қылғындырған. Алайда зейнеткердің үйінен ол бар болғаны 1-2 мың теңге көлемінде ақшадан басқа құнды ештеңе таппаған», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі.