13 ақп, 2020 сағат 14:49

Ақтөбеде волонтерлер жұмысын жүйелейтін қауымдастық құрылады - Нарқозы Қартжан

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Нарқозы Қартжан адамдарға көмектесудің тиімді тәсілдерін ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нарқозы Қартжан елордада Президент Қасым – Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Біз біргеміз» республикалық фронт-кеңсесінің ашылуына қатысып, өзі қатарлы мұқтаж жандарға көмектесіп жүрген отандастарымен ой бөлісті. Жас жігіт студенттік шағында алғаш рет волонтер болуды, оның мән-мағынасын үйренді.

«Волонтерлер қатарында жүргеніме 5 жылдан асты. Ең алдымен «Д.А.Р» еріктілер клубына мүше болып, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында өткен дзюдодан халықаралық чемпионатқа қатыстым. Сол кезде бір ай бойы біліктілік арттыру курсына қатысып, көмек көрсету жолдарын үйрендім. Ағылшын тілі мамандығын меңгерген соң көбіне аудармашының қызметін атқарып жүрмін. Дәл сол кезде волонтер қызметін түсініп, оның дамуы, рөлі, жұмысы жайын ұға бастадым. Ақтөбеге оралған соң өзге қатарластарыммен тәжірибе бөлісіп, EXPO көрмесі, Алматыдағы Универсиада, Ақтөбеде өткен гір көтеруден әлем чемпионатында ерікті қызметін атқардым. Елімізде еріктілердің серпіліс алғаны сәті – EXPO көрмесі. Халықаралық шарада Ақтөбеден 150 ерікті барып, қызмет етті. Ал 2018 жылы қараша айында Бакуде үлкен халықаралық форум болды. ТМД елдерінің волонтерлік қозғалыс жетекшілері қатысқан жиында Ресей мен Әзербайжаннан кейін Қазақстан үшінші орыннан көрінді. Бізде волонтерлердің қызметі, міндеті бекіген, дамыған. 2016 жылы қабылданған заң көп мүмкіндік береді. Қазір ерікті ол хобби емес, негізгі жұмысыма айналды», - деді ол.

Қазір Ақтөбеде 35 еріктілер тобы бар. Волонтерлер саны 1500-ден асты. Жоғалған адамдарды іздеу, қарияларға көмек көрсету жақсы жолға қойылған. Табиғат жанашырлары да жаз бойы бұлақ көзін ашып, өзен-көлдердің мәселесін өткір көтерді. Әр саланы қамтыған қамқоршылар енді бірге жұмыс істеуді, хабар алып, байланыс орнатуды мақсат етіп отыр.

«Ақтөбеде волонтерлердің жұмысын жүйелеу үшін қауымдастық құрылып жатыр. Біз осы арқылы еріктілердің жұмысын, Ақтөбеде атқарылған істі көрсетуді мақсат етіп отырмыз. Ешкім қарсылық білдірмеді. «Zello Іздеу», «Ақтөбе Дыши», «Жүректен жүрекке», «Ақтөбе қайырымды жандар» тобы түгел келісіп отыр. Әрі статистикалық орталық ретінде жұмыс істейді. Бәсеке бар, бірақ бәрі ашық, әділ. Университетте «Практик - 2020» атты академия ашылды. Бір бағыты – еріктілер мектебі. Еріктілік ол қайырымдылық емес. Әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға көмектесеміз, бірақ арғы жағын ойламаймыз. Студенттер бір күн жиналып, азық-түлік жеткізді. Іс мұнымен бітпейді. Бір күндік акция, азық-түлік, киім-кешек жеткізу тиімсіз. Мәселен, дәл осылай үнемі көмек көрсеткен, кейін ол отбасы теледидар сұратты. Балалар үшін қажет болар деген оймен техниканы апарды, кейін тоңазытқыш қажет екенін айтты. Үйіне барғанда тоңазытқыштың жұмыс істеп тұрғанын көрдік. Яғни, біз өз ісімізбен кейде жатыпішерлерді көбейтеміз, адамдарды масылдыққа үйретеміз», - деді Нарқозы Қартжан.

Ол қайырымды істің қайтарымды жолын ұсынды. Яғни, дайын тамақ, дайын киім-кешек жеткізу қате. Аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мүшелерін еңбекке араластырып, балаларына білім берген жөн.

«Адамдардың әлеуметтік жағдайын қалай түзеуге болады? Мәселен, мен кәсіпкер болсам еңбекке қабілетті отбасы мүшесін жұмысқа орналастырамын. Оқушының сабақтан кейін де жұмыс істеуіне мүмкіндік беремін. Күніне 3-4 мың төлеуге болады. Өзім ағылшын тілін білемін. Балаларға тіл үйрету, бұл да жақсы іс. Психология мамандығын меңгеріп жүрген студенттер көмектессе, өздеріне тәжірибе жинайды, қоғамға қол ұшын созады. Міне, сондай бағыттарды дамытқанымыз абзал. Әлеуметтік жағынан осал топ ортаға қосылып, өз бетімен өмір сүруді үйренсе, ерікті еңбегінің нәтижелі болғаны. Мемлекеттен қаржы бөлмей, бір-бірімізді демеп, даму жолына түссек, ұтқанымыз», - деді ол.