Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД
Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы аумағында тікұшақ құлады. Әзірге оқиғаның анық-қанығы белгісіз.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі бұл ақпарат әлі де дайындалып жатқанын жеткізді. Ал әлеуметтік желіде құлаған тікұшақтың фотосы жарияланды.
Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасы екі адамды қабылдауға дайындалып жатыр.
— Екі адамды қаладағы ауруханаға әкеле жатыр. Реаниматолог, травматолог және комбустиологтар қазір көпсалалы облыстық ауруханада күтір отыр. Жағдайы белгілі болған соң толық ақпарат беріледі, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін Непалда 19 жолаушысы бар ұшақ апатқа ұшырағаны хабарланды.
Сонымен қатар, Өзбекстанда әскери тікұшақ апатқа ұшырағаны айтылды.
Ұшақ апаты салдарынан бортта болған бір адам мерт болды. Екеуі ауруханаға жеткізілді.
Оқиға бүгін сағат 11:40–та болды. Хабар 112 нөміріне келіп түскен.
— Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Сарыарқа ауылының ауданында тікұшақтың қонғаны туралы хабарлама келіп түсті. Әуе кемесі болжам бойынша ҚР Қорғаныс министрлігіне тиесілі. Оқиға орнына ТЖД жеке құрамынан 23 адам мен 5 бірлік техника жіберілді. Оқиға орнына келген ТЖМ құтқарушылары өртті сөндірді. МИ — 8 тікұшағының бортында 3 адам болған. Олардың біреуі қайтыс болды. Зардап шеккен екі адам Ақтөбе қаласына ҚР ҚМ ЯК-40 ВОСВОД ұшағымен жеткізілді, — деп хабарлады ҚР ТЖМ.
Бортта болған 3 экипаж мүшесінің 2-еуі ауруханаға жеткізілді. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілді.
— Экипаж мүшелерінің бірі қаза тапты. Авиациялық оқиғаның алдын-ала себебі — техникалық ақаулық. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Жергілікті жерде ведомствоаралық жедел топ жұмыс істеуде. Қарулы күштердің басшылығы мен Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына көңіл айтады, — делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство атап өткендей, оның туыстарына, сондай-ақ зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетіледі.