Ақтөбе полицейлері екі сағат бойы жеті жасар Кристина Шустердің әкесі мен өгей шешесін телемұнарадан секірмеуге көндірген, алайда, өкінішке қарай, бұл еш нәтиже берген жоқ. "Диапазон" басылымының журналистері ерлі-зайыпты мен полицейлердің арасында болған әңгімені видеоға түсіріп алған.
Басылымның сюжетінде полицейлердің қыздың әкесі Владимирге сөйлеп жатқан сәті естіледі: "Вова, тыныштандыр оны, барлығы жақсы болады. Біз жауап береміз. Вова, сабырға кел, ант беремін, ештеңе де болмайды уайымдама".
Ал әйел болса телемұнарадан "Уәде бересіздер ме?" деп айғайлап жатады.
Біраз уақыт өткен соң сағат 17.40-та Владимир мен Әсел телемұнарадан секіріп кетіп, мерт болады. Полицейлердің, туыстарының және көршілерінің оларды тоқтатпақ болған әрекеттері көмектесе алмады.
Айта кетейік, Владимир мен Әсел былтыр қыркүйек айынан бастап бірге тұрған. Осылайша, жеті жасар Кристинаның өгей шешесі пайда болады. Көршілерінің айтуынша, Кристина осыған дейін көңілді жүрген, көршілермен де әңгімелесіп тұратын. Әсел үйге келген соң да барлығы жақсы болған. Қыз оны "ана" деп те атаған. Қыркүйекте Кристина мектепте әдемі болып барды. Әсел оның шашын сәнді етіп жасап берді. Алайда бір сәтте барлығы өзгеріп кетті. Қыздың денесі көгеріп жүрді, ешкіммен сөйлеспейтін, өз-өзімен. Ал кейіннен бірнеше күнге жоғалып та кетті. Сонда көршілер бұл отбасында жайсыз жағдайдың болғанына күдіктене бастаған.
Содан учаскелік полицей келген. Ол қызды шкафта ұрып-соғылған күйі тапқан. Қыздың әкесі мен өгей шешесінен сыртқа шықпау туралы қолхат алған.
Басылымның мәліметінше, осы жағдайға байланысты ерлі-зайыпты мұнараның үстіне шығып алған.
Жеті жасар қыздың әкесі мен өгей шешесіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабының 1-бөлігі бойынша ("Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу") сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, оқиға 15 мамырда болған. Ерлі зайыпты телемұнараға шығып, секіріп кеткен. Олар оқиға орнында қаза тапты. Кейін ерлі-зайыптыға қатысты жантүршігерлік деректер анықталды. Өз кезегінде Ақтөбенің білім басқармасындағылар әкесі мен өгей шешесі телемұнарадан секіріп кетіп, қаза тапқан жеті жасар Кристина Шустер жайлы айтып берген болатын.