30 мау, 2021 сағат 14:55

Ақтөбеде сауда үйлері мен базарлар демалыс күндері жұмыс істемейді


Ақтөбеде сауда үйлері мен базарлар сенбі-жексенбі күндері жұмыс істемейді. Ал мейрамхана, қоғамдық тамақтану орындары сағат 9:00-ден 20:00-ге дейін ғана клиенттерге қызмет көрсетеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыста банктер, ХҚКО, «Қазпочта» АҚ бөлімшелерінің жұмыс уақыты 9:00-ден 18:00-ге дейін болады. Мейрамхана, дәмхана және кофехана секілді қоғамдық тамақтану объектілері де 9:00-ден 20:00-ге жұмыс істейді. Адам саны 30-дан аспауы тиіс. «ASHYQ» жобасына қатысатын нысандар Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес қызмет көрсетеді. 

«Жазғы алаңдардың 9:00-ден 20:00-ге дейін, асханалардың 6.00-ден 00:00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат бар. Ашық базарлар, жабық базарлар, сауна, СПА-орталықтар мен бассейн, жабық спорт объектілері (спорт кешендері, спорт мектептері, спорт клубтары, жаттығу залдары), спорттық-сауықтыру орталықтары және фитнес клубы, соның ішінде йога орталықтары, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері сенбі-жексенбі күндері жабылады», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.