15 жел, 2020 сағат 12:23

Ақтөбеде пневмониядан көз жұмған полиция қызметкерлері марапатталды

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов пневмониядан көз жұмған қызметкерлердің отбасымен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атығай Арыстанов алдымен 4 шілде күні коронавирус пневмониясынан қайтыс болған Хромтау аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Айбат Әбиевтің отбасына барды. Қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, карантин уақытында заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін ІІМ Е.Тұрғымбаевтың атынан батырдың отбасына «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалін табыстады. 

Сонымен бірге облыстың бас полицейі пандемия уақытында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан Хромтау ауданық ПБ бастығы Марат Бекетаевтың отбасына барды. М. Бекетаев 25 маусым күні жұмыс орнынан ауруханаға жатқызылып, оған коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды. Алайда ол 1 шілде күні көз жұмды. 

Мемлекет басшысының Жарлығымен полиция полковнигі Мұрат Бекетаев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Тәртіп сақшылары батырлардың жұбайлары мен ата-аналарына құрмет білдіріп, гүл мен сыйлық табыс етті. 

«Біз Қазақстан Республикасы азаматтарының тыныш өмірі үшін өз өмірлерін қиған әрбір қаза болған полиция қызметкерінің бейнесін, игі істері мен ерліктерін есімізде, жүрегімізде мәңгі сақтаймыз. Олардың әрбір батырлығы мен іс-әрекеті ерлік деп бағаланады», – деді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов.