30 сәу, 2022 сағат 00:18

Ақтөбеде орталық қызметкерлері мүгедек балаларды ұрып-соқты деп айыпталып жатыр


Ақтөбеде туа бітті сал ауруына шалдыққан, Даун синдромымен ауыратын балаларды ұрып-соғу фактісі тіркелді. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеше Ақтөбе қаласы Астана ауданының прокуратурасына №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы мүмкіндігі шектеулі тәрбиеленушілерге (туа бітті сал ауруы, Даун синдромы, барлық дәрежедегі олигофрениясы бар балалар тәрбиеленеді) қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны туралы хабарлама түсті. 

«Прокурорлар дереу осы мекемеге барып, ондағы бейнебақылау камерасы арқылы орталық қызметкерлері кәмелетке толмаған тәрбиеленушілерге қатысты бірнеше рет ұрып-соғу, басқа да зорлық-зомбылық әрекеттерін қолданғанын анықтады. Аталған факті бойынша аудан прокуратурасы Қылмыстық кодекстің «Қинау« бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу жүргізу үшін қылмыстық іс материалдары Ақтөбе қаласының полиция басқармасына жолданды», - деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі. 

Қазір аталған дерек бойынша тергеу жүріп жатыр.