13 нау, 2018 сағат 13:36

Ақтөбеде орамалын шешпеген 72 оқушы келесі сыныпқа көшірілмеуі мүмкін

Ақтөбеде 88 мектепте мектеп формасын сақтамай отырған 340 оқушы анықталды. Жыл басында жүргізілген мониторинг қорытындысы осындай. Өңірде орамал таққан 32 оқушы қызды ата-аналары өзге аймақтарға көшіріп әкеткен. Бұл туралы бүгін Ақтөбе облыстық білім және дін істері басқармаларының басшылары мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz аймақтық тілшісі.

Ақтөбеде бастарынан орамалын шешпей, мектеп формасын сақтамай отырған оқушылардың ата-аналары жазалана бастады. 18 ата-анаға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Олардың бесеуі қазір 12 мың теңге көлемінде айыппұлдарын өтеп, балаларын мектепке қайта жіберді.

«18 ата-анаға қатысты 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Шалқар, Қарғалы, Қобда, Алға, Хромтау аудандарындағы мектеп оқушыларын сабаққа жібермеген ата-аналардың ісі қолға алынды. Қазір 5 ата-ана өз еркімен бюджетке бекітілген айыппұлды төледі. Осыдан кейін 5 оқушы мектепке қайтарылды. Оқушыға жауапты ата-ана салынған айыппұлды 30 күн ішінде төлеуі шарт. Бұл туралы барлығы хабардар. Егер мұндай әкімшілік құқық бұзушылық тағы қайталанса, іс сотқа кетеді. Жоғарыда айтылған 18 материалдан өзге тағы 3 материал келіп түсті. Мектеп басшылығы ата-аналардың үстінен шағым түсіріп жатыр», - деді Ақтөбе облыстық білім саласындағы бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Жанат Мұхамбеталина.

Ақтөбеде жыл басында мониторинг қорытындысы бойынша мектеп формасын сақтамаған 340 оқушы анықталған еді. Қазір талаптар мен түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде орамал таққан оқушыларсаны 72-ге азайған. 268 қыз бала мектепке қайта барды.

«ҚР Білім және Ғылым министрінің 14 қаңтар 2016 жылғы №26 бұйрығы негізінде мектеп формасын сақтау барлық ата-аналарға бірдей талап етілді. Бұл бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Әр азаматтың өз пікірін білдіруге құқығы бар, дегенмен 1 қаңтар 2018 жылы облыс бойынша мектеп формасын 340 оқушы сақтамаған болатын. 13 наурызда соның 268-і қайтадан мектеп формасын сақтап, өз парталарында отыр. Қалған балалармен қазір жұмыс жасалуда. Сұрақтар көп. Заң бұзылып тұрған жоқ. Тек бұйрықты сол балаларға жауапты ата-ана орындауға міндетті. Ал, ол орындалмай отыр» , - дейді облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.

Орамалын шешпеген 32 оқушыны ата-анасы өзге өңірлерге алып кетсе, 10-ы Алматы қаласында. Қалғандары Оңтүстік Қазақстан облысыныдағы мектептерге ауысқан. Барлығы да биылғы 1 қаңтарда мектеп формасын сақтамаған оқушылар. Мамандар екі тоқсан бойы сабаққа бармаған қыз балалардың мәселесі туралы министрлікке хат жолдаған.

«Қашықтықтан оқыту елдегі мектеп талаптарына қайшы. Ал мектепке келмей отырған 72 баланың арасында екі тоқсан бойы сабаққа бармағандар бар. Бұл жөнінде біз ҚР Білім және ғылым министрлігіне бірнеше рет хат жолдадық. Қазір жауабын күтіп отырмыз. Бұл оқушылардың сынып жетекшілері оларға телефон арқылы көмектесіп жатыр, бірақ балалар мектепке келмегендіктен, толық білім беру стандартын қабылдамағандықтан, екі тоқсан бойы көшірілмей отыр. Егер екі тоқсан бойы білім алмаса, одан әрі заң бойынша сыныптан сыныпқа көшірілмейді», - деді Ләззат Оразбаева.

Айта кетейік, балалары мектепке кіре алмай отырған ата-аналар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, премьер-министрді Бақытжан Сағынтаевтың атына үндеу жазып, таратқан еді. Жауапты мамандар бұған қатысты пікір білдірді.

«Елбасымыздың атына жергілікті азаматтар «Ақтөбе облысында мұсылмандар қысымшылыққа ұшырап жатыр» деген үндеу таратылған еді. Біздің дін істері басқармасы – мемлекеттік мекеме. Бізге арыз екі күн бұрын ғана түсті. Үндеу жазған адамдардың бірнешеуімен әңгімелесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Арнайы арыз бізге бұған дейін түспеді», - деді облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағамбетов.