11 қаз, 2024 сағат 15:31

Ақтөбеде өлтірілген жас дәрігердің ісі бойынша сот шешімі шықты

Фото: ашық интернет көздерінен

Ақтөбе сотында жас дәрігер Мөлдір Томарованың өліміне қатысты жабық қаралған аса ауыр қылмыстық оқиға бойынша сот үкімі шықты. 34 жастағы ер адамға Қылмыстық кодекстің төрт бірдей бабымен тағылған айып сотта дәлелін тапты. Бұл туралы NUR.KZ сайты хабарлады.

Басылым тілшілерінің мәдіметінше, бүгін Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жас дәрігер Мөлдір Томарованың өліміне қатысты сот үкімі шықты. Іс алты томдық, төрт куәгер бар.

Сотталушыға Қылмыстық кодекстің 149-бабының 2-тармағы "Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу", 120-бап 2-тармақ 2-бөлігі "Зорлау", 99-бап 2-тармақ "Адам өлтіру" және 380-бап 1-тармақ "Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері" бойынша айып тағылған еді.

Сот шешімімен ол 22 жылға бас бостандығынан айырылды. Жаза өтеу орны қауіпсіздігі орташа мекеме деп белгіленді. Себебін судья сотталушының бұрын істі болмауымен түсіндірді.

"Е. кінәсі толық дәлелденді деп есептелінеді. Қылмысты жасыру үшін Томарованы қасақана өлтірген. Күш қолданып, зорлаған. Тұрғын жайға түнде басып кірген. Оқиға орнынан балкон арқылы қашып шығып, полиция қызметкерін жарақаттап қашып кеткен. Сотта толығымен дәлелін тапты. Ол пәтерге кіргенін, пышақ жарақатын салып өлтіргенін мойындап отыр. Жәбірленушімен таныстығы 2017 жылдан басталған. Соңғы кездері Томарова қашқақтай бастаған, сыйлықтарын қайтарып берген. Полицияға арыз жазып, әкімшілік жазаға тартылған. Оқиға түнгі 4-те басталған. Арнайы саты апарған, өз көлігімен емес, басқа көлік жалдаған. Ішке кіріп, зорлап, соны жасыру үшін өлтірген. Сот бұрын сотталмағанын ескерді. Ауырлататын мән-жай анықталмады", - деді судья Нұрлан Бақтығалиев.


Сотталушыдан жәбірленуші тарапқа 20 млн теңге көлемінде моральдық шығын және жаназасы, садақасына жұмсалған 1 млн 230 мың теңге, 800 мың теңге адвокат шығыны мен ата-анасының Қызылордадан Ақтөбеге қатынау жолақысын өндіру міндеттелді. Сот отырысына дәрігердің ата-анасы қатысты.

"Үкімге көңілім толып тұрған жоқ. Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрадық. Апелляциялық шағым түсіруіміз мүмкін. Қызымды 24 жерден пышақтап өлтіріп, аса ауыр қылмыс жасады. Біздің отбасымызға орны толмас қайғы әкелді. Сол күні ғана кешкілік қызыммен сөйлескен едім. Бұлай боларын кім білген", - деді марқұмның әкесі Қалдыбай Томаров.


Марқұмның анасы қызы туралы айту қиын екенін айтып үнсіз жылады.

Еске сала кетейік, Мөлдір Томарова – Қызылорда облысының тумасы. Ақтөбе медицина орталығының эндокринолог-дәрігері болып қызмет етті. Ол Ақтөбе қаласындағы медициналық университетте 9 жыл білім алған. Айта кетейік, қайғылы оқиға биыл 22 сәуірде болды.