Ақтөбеде бейтаныс адам дүкен ішінде оқушыға тәтті ұсынып, кейін оны мектепке іздеп барған. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқиға Ақтөбе қаласындағы №2 орта мектебінде болды. Мектеп директоры Сәния Данишеваның айтуынша, 19 сәуір күні 3-сыныптың оқушысы сабаққа келе жатып, дүкенге соғады. Сол кезде бейтаныс ер адам оған шоколад ұсынған.
«Ер адам аты-жөнін айтып, оған шоколад берген. Оны ағылшын тілі пәнінің мұғалімі байқап қалған. Ер адаммен мектеп ауласында сөйлесіп, оқушы қызға туыстық қатынасының жоқ екенін білген. Кейін одан мектеп ауласынан шығуын сұраған. Бірден мектеп әкімшілігіне хабарлама берді. Кезекші оқушының ата-анасын шақырды. Содан соң екінші ауысымдағы балалардың ата-аналарынан балаларын тек өздері алуын сұрадық. Сонымен бірге, сынып жетекшілері мен ата-аналардың мұият болуы үшін қауіпсіздік күшейтіліп, бұйрық шығарылды. Ақпарат мектеп инспекторына хабарланды. Ата-аналары бір күн өткен соң полицияға арыз жазды», - деді Сәния Данишева.
Айтуынша, ер адам мектепке келген соң, кешкілік ата-аналармен бірге аула ішінде күтіп тұрған.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті осы оқиғадан соң әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады.
«ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 449 және 517-баптары бойынша қоғамдық орында кәмелетке толмаған балаға тиісу дерегі және ҚР Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1961 жылғы ер адамға әкімшілік іс қозғалды. Бұдан әрі сот шешімі қабылданған соң, мемлекет шекарасынан шығару шарасы қарастырылады. Оның айтуынша, 19 сәуір күні қайтыс болған әкесін еске алу күні дүкенде кәмелетке толмаған қыз балаға тәтті ұсынған, кейін мектепке барып, оған өз қолымен салған суреттерді бермек болған», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Аталған орта мектепте 1500 бала оқиды. Мұнда 11 сыртқы, 13 ішкі камера бар.
«Мұндай жағдай анықталғаннан кейін қалалық білім бөлімі барлық мекемеге хабарлайды. Қаладағы мектептердің бәрінде камера бар, күзет мекемелерімен келісімшарт жасалған. Мектеп ауласынан бөгде адам көрсе, бірден хабарлама береді. Бұл - алгоритм. Мектеп әкімшілігі анықтайды, ата-анаға хабарласады. Тағы да мектеп әкімшіліктеріне мұқят болуды ескертіп отырмыз», - деді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Метгүл Қосымбаева.