Ақтөбе облысының Покровка-Жаңажол бағытындағы жолда автобус пен жүк көлігі соқтығысып, екі адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«17 желтоқсан күні сағат 18:45-те мұнай компаниясына тиесілі «ПАЗ« маркалы автокөлігінің 59 жастағы жүргізушісі Жарқамыс ауылынан Ақтөбе қаласына бағыт алған. Покровка-Жаңажол автожолының 13-шақырымында кедергі мен қауіп туындағанда ол жылдамдықты төмендетпей, жол бойында тұрған «КамАЗ« маркалы көлікпен соқтығысты», - деді облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Жол-көлік апаты салдарынан екі жолаушы оқиға орнында көз жұмып, үшеуі Қандыағаш қаласының орталық ауруханасына түрлі жарақатпен жатқызылды. Қазір тергеу жүріп жатыр.