Ақтөбеде мемлекеттік қызметкер кәсіпкерді ұрған. Оқиға Қобда ауданында болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Караокеге барған мемлекеттік қызметкер ақы төлеуден бас тартып, кәсіпкерге қол жұмсаған. Қазір ол ауруханада жатыр.
«Оқиға 24 қыркүйектен 25 қыркүйекке қараған түні болды. Сол күні адам көп болған жоқ. Өзім бәрін монитордан қарап, қаупсіздікті бақылап отырамын. Келушілердің бірі ақы төлемеймін деп есептесуден бас тартты. Өздерін салық органынанмыз деп таныстырды. Ішке кіріп, камерадан қарасам біреуі есік алдында дәрет сындырып тұр. Қоғамдық орында бұл қылықтары ұят емес пе? Ескерту жасағанда балағат сөздер айтылып, ұрыс болды. Сөйтіп тұрғанда екіншісі оқыс келіп, жұдырығымен бір ұрды. Есеңгіріп қалдым. Олар көлікке мініп кетіп қалған, біз полиция шақырдық. Ұрысқан кезде өздеріне арнап үстел жаю керек екенін айтты. Келесі күні үйге, ауруханана келіп кешірім сұрады», - деді кәсіпкер Шынар Қамиева.
Қобда аудандық мемлекеттік кірістер бөлімінің басшысы Болат Жекеевтің айтуынша, күдікті болған Т.Әмірғалиев пен Д. Бәймен сол күні он жылға жуық уақыт жұмыс істеген қызметтерінен өз еріктерімен шығып кеткен.
«24 қыркүйек күні Қобда ауданының орталығында дәмхана меңгерушісі мен тұрғынның арасы келіспеушілік болды. Тұрғын дәмхана әкімшісін бір рет бетінен ұрған. Қазір осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабы, яғни, бұзақылық бойынша тергеу жүріп жатыр», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.