09 шіл, 2021 сағат 13:34

Ақтөбеде қызмет көрсету орындарындағы жұмысшыларға вакцина міндеттелді


Ақтөбе «қызыл» аймаққа кірді. Өңірде карантин шектеуі күшейтілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Енді қызмет көрсету орындарында жұмыс істейтін қызметкерлер вакцина салдыруы тиіс немесе апта сайын ПТР сынамадан өтуі қажет.

«Халыққа қызмет көрсету орталықтары, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері, екінші деңгейдегі банктер, қаржы нарығының объектілері, сақтандыру компаниялары, жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктер, айырбастау пункттері, ломбардтар, сұлулық салондары, халық тұтынатын өнімдердің және тауарлардың көтерме және бөлшек саудасы объектілерінің, оның ішінде базар, сауда үйі, сауда желілері, сауда-ойын-сауық орталықтарының, дүкен, шағын маркет, супермаркет, гипермаркет, мәдениет және демалыс объектілерінің, білім беру және тәрбиелеу ұйымдарының, оның ішінде білім беру дамыту және түзету орталықтарының жұмысшылары вакцина салдыруы немесе ПТР тестілеуден өтуі тиіс. 15 шілдеге дейінгі мерзімде (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) вакцинаның бірінші компонентімен, 15 тамызға дейінгі мерзімде COVID-19-ға қарсы вакцинаның екінші компонентімен егу ұйымдастырылсын. Банкет залдарының (мейрамханалар және дәмхана типі бойынша келушілерге қызмет көрсету) қызметіне тыйым салынады. Тек «ASHYQ» жобасына қатысатындарға рұқсат», - деп жазылған Ақтөбе облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Нұрсұлу Беркімбаеваның қаулысында.