
Ақтөбеде балабақшаға баратын бала мен мектеп оқушысынан коронавирус инфекциясы анықталып, білім ошақтарының бір бөлігі карантинге жабылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
3 желтоқсаннан күні бүгінге дейін коронавирус инфекциясының 15 ошағы тіркелді. Оның 9-ы - тұрғын үй болса, өзгесі - ұжымдық мекеме.
«Алға ауданындағы балабақша тәрбиеленушісінен вирус анықталып, топ карантинге жабылды. Сонымен бірге Ақтөбе қаласындағы №3 мектеп-лицейінің 3 сынып оқушысы індетке шалдықты. Сынып карантинге жабылып, науқаспен байланыста болғандардың барлығы үй карантинінде жатыр. Сонымен бірге 4 шаруашылық субъектісі де карантинде», - деп хабарлады облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының баспасөз қызметі.
Бас санитар дәрігердің қаулысымен сынып пен топ іші дезинфекцияланып, 14 күнге жабылды. Қазір 86 адам дәрігерлар бақылауына алынған. Ал науқастардың жағдайы тұрақты.
