02 қыр, 2021 сағат 16:46

Ақтөбеде «Даму» қоры ғимаратының астында қалған әйел көз жұмды


Ақтөбеде ғимарат опырылған кезде зардап шеккен 1988 жылғы әйел жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы мәлімдеді. 

1988 жылы туған Ләззат Мырзагелдина Ақтөбе облысы бойынша "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ филиалының мониторинг бөлімінің маманы қызметін атқарған.

Өкінішке орай, үйінді астында қалған қызметкерді аман алып қалу мүмкін болмаған. Ол көптеген жарақат алып, қабырғасы сынған еді. Бүгін, 2 қыркүйекте ауруханада қайтыс болды.

«Ауруханаға екі науқас жеткізілді. Біреуіне көмек көрсетіп, үйіне жіберілді. Ал екіншісінің жағдайы өте ауыр болды. Есін білмеді. Бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Кеуде, бас-ми жарақаты болды», - деді облыстық жәдел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Серік Қапанов. 33 жастағы әйел есін жимастан көз жұмған.

Қылмыстық іс қозғалды, құлаған жер қоршалды, полиция қайғылы оқиғаны тергеп жатыр.

Еске салайық, 1 қыркүйекте кешке "Даму" қорының Ақтөбе филиалындағы ғимаратында шатыр мен екінші қабат опырылғаны хабарланған. Бұл ғимаратта "Даму" және АШҚҚҚ-дан басқа, "ҚазАгроҚаржы" АҚ филиалы, "Алға КТ" ЖШС, сондай-ақ жеке нотариус және бағалау компаниясы орналасқан.