14 сәу, 2022 сағат 12:50

Ақтөбе облысының бұрынғы бас экологы пара алғаны үшін сотталды


Ақтөбе облысында Экология департаментінің бұрынғы басшысы пара алғаны үшін сотталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәліметіне сілтеме жасап.

"2022 жылдың 13 сәуірінде Ақтөбе қаласының 2 сотының үкімімен облыстық экология департаментінің бұрынғы басшысы Нұржан Аққұл айтарлықтай мөлшерде пара алу дерегі бойынша кінәлі деп танылды. Ол 12 миллион теңге сомасында айыппұл төлейді", - делінген агенттік таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар экс-басшы мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айрылды.

Нұржан Аққұл 2021 жылдың 19 желтоқсанында Ақтөбе облысының экология департаментінің басшысы ретінде кәсіпкерлік субъектісі директорынан 400 мың теңге сомасындағы пара алғаны үшін ұсталған. Оны Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұстады.

Ол параны бірінші санаттағы объектілер үшін эмиссиялардың қоршаған ортаға әсер етуіне рұқсат беруі және жалпы қамқорлық көрсетуі үшін алған.