12 қаң, 2022 сағат 16:37

Ақтөбе облысының әкімі жаралы жауынгердің жағдайын білді


Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин ауруханада жатқан қатардағы жауынгер Василий Ларичевтің жағдайын білді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз хатшысы, подполковник Ерболат Сұлтановтың мәлім еткеніндей, 6655-әскери бөлімінің сарбазы В.Ларичев Ақтөбедегі қақтығыс кезінде басынан ауыр жарақат алған болатын. 

Облыстық ауруханаға келген өңір басшысы заңсыз митингі кезінде қызметтесін қорғап, батылдық танытқан сарбазға алғысын білдірді. 

«Батыс» өңірлік қолбасшысының орынбасары Павел Ситников ержүрек жауынгер В.Ларичевке күрең көкірекшенің айрықша белгісін табыс етті. 

Ақтөбеде әскери борышын өтеп жатқан В.Ларичев – Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең ауылының тумасы. Ол қақтығыс кезінде қатар тұрған сарбазды жауып үлгеріп, өзі басынан ауыр жарақат алып, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. 

Ақтөбедегі 6655-әскери бөлімінің жеке құрамы 5 қаңтар күні облыс әкімдігі ғимаратын қорғаған болатын. 

Қазіргі кезде облыста жағдай тұрақты. Дегенмен полиция мен Ұлттық ұлан жауынгерлері қала көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде. Өңірде коменданттық уақыт (23.00-ден таңғы 07.00-ге дейін) күшінде.