07 ақп, 2024 сағат 16:08

Ақтөбе облысындағы бораннан авариялық құтқару жұмыстары барысында 140 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді

Өткен тәулікте Ақтөбе облысында ауа райының нашарлауына байланысты облыс аумағында 5 Республикалық және 4 Облыстық автокөлік жолдары жабылды, деп хабарлайды Ақтөбе қаласының әкімдігі.

Ақтөбе облысының елді мекендерінде жолдарда көру мүмкіндігінің төмендеуі байланысты қар тазарту жұмыстары уақытша тоқтатылған. Күн райы жақсарған бойда қайта жалғасатын болады. Сонымен қатар, жел екпінінің күшеюі салдарынан кейбір бау-бақша ұжымдарында электр желісі үзілген болатын. Қазіргі уақытта “Энергосистема” бригадалары жөндеу жұмысын жүргізуде.

"Авиагородок,1/1 мекежайы бойынша шатырдың ұшып құлауы тіркелді. Демонтаж жұмысы жасалатын болады. ТЖД тұрғындар мен қала қонақтарынан жолға шықпауды сұрады", - делінген хабарламада


Авариялық құтқару жұмыстарына ТЖД, полиция бөлімі мен жергілікті атқарушы органдардан 135 адам және 67 техника қатысқан. Авариялық құтқару жұмыстары барысында 140 адам қауіпсіз аймаққа көшіріліп, 5 адам құтқарылды.

Авариялық құтқару жұмыстары облыстың бірқатар аудандарында орын алды. 7 ақпан күні «Самара-Шымкент» тас жолының 806-ші шақырымында “Шымкент-РФ-Новотроицк” бағытындағы жолаушылар автобусы бұзылып, ішінде 68 адам қалып қалғаны жөнінде ақпарат келіп түсті. Тәжікстан Республикасының 68 азаматы Нұрай кемпингке көшірілді. 7 ақпан күні «Самара-Шымкент» тас жолының 965-ші шақырымы «Маяк» кемпингінде жолдың жабылуына байланысты тұрған жолаушы автокөлігі ішінде 56 адамды орналастыру көмегі қажет екен жөнінде ақпарат келіп түсті. Нәтижесінде: құтқарушылар күшімен 56 Өзбекстан Республикасының азаматтары Қарабұтақ орталық мешітіне орналастырылды. 


Ақтөбе облысы ТЖ департаменті өз өмірі және жақын адамдарының өміріне қауіп төндірмеу үшін облыс тұрғындарына келесі ережелерді сақтауды ұсынады. Қысқы сапарға шықпас бұрын:

  • Ауа-райы болжамын мұқият оқып шығыңыз; 
  • Қозғалыс үшін қандай жолдар жабылуы мүмкін екенін анықтаңыз. Ақпаратты 112 құтқару қызметінің телефоны бойынша, сондай-ақ «Darmen» мобильді қосымшасының көмегімен нақтылауға болады; 
  • «112» қызметінен ресми дауылды ескерту алған кезде елді мекендерге барудан және шығудан аулақ болыңыз; 
  • Машинаны төтенше жағдайда аман қалуға мүмкіндік беретін қосымша, бірақ өте қажет жүкпен жабдықтау: 
  • - отын қоры бар канистр (кемінде 20 л) және құюға арналған құйғыш; 
  • - шай термосы және азық-түлік қоры;
  • - жылы киімнің қосалқы жиынтығы.
  • Ең бастысы, автомобиль техникалық жарамды күйде болуы керек.

"Қазгидромет" облыстық филиалының мәліметінше, Ақтөбе облысында екпінді жел 8-9 ақпанда сақталады. 8 ақпан күні түстен кейін облыстың көп бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), боран болады. 9 ақпанда желдің жылдамдығы 9-14 м/с, екпіні 15-20 м/с, облыстың солтүстігінде кейде 25 м/с дейін болады.