Фото: ашық дереккөз
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында өзін блогер ретінде көрсеткен 35 жастағы ер адам бірнеше азаматты алдап, ақшасын иемденгені үшін қамауға алынды, деп хабарлайды Ult.kz.
Жергілікті полиция бөліміне алаяқтық туралы бірнеше шағым түскен. Тексеру нәтижесінде, күдіктінің 2024 жылдың соңында төрт адамға әртүрлі қызметтер ұсынуды уәде етіп, олардың сеніміне кіргені анықталды. Ол жәбірленушілердің біріне балабақшаға жұмысқа орналастыруды, екіншісіне жүргізуші куәлігін алуға жәрдемдесуді, ал қалғандарына тендерді жеңіп беруді уәде еткен.
Алаяқтық әрекеттердің нәтижесінде төрт адамға келтірілген жалпы шығын 10 миллион теңгеден асқан.
Қазіргі уақытта бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция зардап шеккен басқа азаматтарды Мұғалжар аудандық полиция бөліміне хабарласуға шақырады.