11 мау, 2024 сағат 12:11

Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында әлі күнге дейін 2 122 үй су астында қалып отыр

Сурет: Turantimes.kz

Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында әлі күнге дейін 2 122 үй су астында қалып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Kazinform-ға сілтеме жасап.

«Су тасқыны салдарынан 18 005 үй нысаны зардап шеккен. 17 295 нысан бойынша техникалық тексеріс нәтижесі бар. Тексерілген нысандар бойынша 2 245 тұрғын үй салу, жылжымайтын мүлік нарығында 5 235 тұрғын үй сатып алу және 9 819 нысанды жөндеу жоспарланған. Бүгінде 1 828 үйдің құрылысы басталды. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 81 пайызын құрайды. Бұл ретте Батыс Қазақстан мен Ақмола облыстарында жүргізіліп жатқан жұмыстың төмен қарқыны байқалады», - деді министр.


Оның дерегінше, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында әлі күнге дейін 2 122 үй су астында қалып отыр.

«Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс қарқыны жақсы. Бүгінде 53 тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта республика бойынша 1 943 тұрғын үй сатып алынды. 3 882 үйді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жөндеу жұмыстары бойынша 1 772 үй иесі төлемдер алды», - деді Қанат Шарлапаев.