08 жел, 2020 сағат 09:00

Ақтөбе қаласының тұрғыны Қаржы министрлігіне неліктен шағым түсіргені түсіндірілді

ҚР Қаржы министрлігі Ақтөбе қаласы тұрғынының ведомствоға шағым түсіру себептерін түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, сот шешімімен ақталған азаматша Дюсекенова Ж.Б. моральдық зиянды өтеуді талап етіп отыр. 

Ақтөбе қалалық соты Ж.Б.Дюсекенованың 3 000 000 теңге мөлшеріндегі моральдық зиянды өтеу туралы талап-арызын қарап жатыр. Айта кетейік, аталған іс бойынша Ақтөбе облысының полиция департаменті мен Қаржы министрлігі тартылды. 

Қаржы министрлігі аталған санаттағы істер бойынша соттарға мемлекеттік қазынаның өкілі ретінде қатысады және қылмыстық қудалауға ешқандай қатысы жоқ.

Сонымен бірге министрлікте сот ақтаған адамның қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз әрекеттері нәтижесінде келтірілген зиян үшін өтемақы алуға құқылы екенін айтты (ҚР ҚПК 38 б. 2 бөл. 1 т.)

Азаматқа заңсыз қудалау, қамауда ұстауды заңсыз қолдану, үй қамағында ұстау, алдын-алу шарасы ретінде кетпеу туралы шешім қабылдау нәтижесінде азаматқа келтірілген зиянды мемлекет өтейді (ҚР АІЖК-нің 923-бабының 1-тармағы).

Төлем Қаржы министрлігі басқаратын 010 «Қазақстан Республикасы Үкіметінің резерві» бюджеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.

Ведомствода бұл азаматтық істі қарау әлі аяқталмағанын атап өтті.

Еске салайық, 2019 жылғы 14 наурызда Ж.Б.Дюсекенова Ақтөбе облысы ІІД-нің ішкі істер басқармасы аға тергеушісінің қаулысымен қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылып, оның әрекеттері Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-бөлігі, 2-тармағы бойынша квалификацияланған.

Кейін тергеліп жатқан қылмыстық іс Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке өткізіліп, тергеу нәтижелері бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Ақтөбе қаласының №2 сотының 2020 жылғы 19 ақпандағы үкімімен Дюсекенова Ж.Б. іс-әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық болмағаны үшін ақталды.

Ақтөбе қаласы №2 сотының 2020 жылғы 24 шілдедегі қаулысымен Ж.Б.Дюсекенованың мүліктік зиянды өтеу бөлігінде талаптары қанағаттандырылды және оның пайдасына мемлекет қазынасынан 4 072 073 теңге өндірілді.