Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановты басқа қызметке ауысуына байланысты Ақтөбе қаласының жаңа әкімін таныстырды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ресми сайтында хабарланды.
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің өкімімен ҚР Президент әкімшілігі және Ақтөбе қалалық мәслихат депуаттарының келісімі бойынша Мавр Абдуллин Ақтөбе қаласының әкімі болып тағайындалды.
Қаланың жаңа басшысы Мавр Ерғалиұлы Абдуллин 1973 жылы туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын экономист-менеджер мамандығы бойынша бітірген.
Ойыл аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Ойыл ауданы әкімінің орынбасары, облыстық ауыл шаруашығы басқармасы басшысының орынбасары, Ойыл, Алға аудандарының әкімі қызметтерін атқарды, Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары болды.
Ақтөбе қаласын соңғы үш жылдай уақыт басқарған Ілияс Испановты өзімен үзеңгілес болған әріптестері бүгін жаңа қызметке шығарып салды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ілияс Испановқа сәттілік тіледі.