13 қаң, 2021 сағат 08:28

Ақтөбе әуежайына Әлия Молдағұлованың есімі берілді

«Ақтөбе» халықаралық әуежайына Әлия Молдағұлова есімі берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ақтөбе халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамына Әлия Молдағұлованың есімін беру туралы қаулыға ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қол қойды. Қаулы «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысына сәйкес шығарылды.

«Бірнеше ай бұрын ұсыныс енгізіліп, Үкіметке жіберілді. Ұсынысымыз қолдау тапты. Енді Әлия Молдағұлова атындағы әуежай жазбасы ілінеді. Бұл жұмыс бір ай ішінде атқарылады», - деді әуежай директорының орынбасары Ілияс Нұғманов.

Айта кетейік, Ақтөбе әуежайынан күніне 8 рейс ұшады. Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау мен Маңғыстау бағыты бойынша ішкі рейс, айына бір рет Мысырға бір рейс қарастырылған.