Ақтөбеде жүргізушілер дизель отынының тапшылығын айтып, көмек сұрады. Қазір өңір солярканы Ресейден алуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбеде жүргізушілер солярка тапшылығын айтып, қоғам назарын аударды.
«Тапшылық бір басқа, баға да көтерілді. Бұған дейін литрін 188 теңгеге сатып алсақ, қазір 270-28 теңге болды. Кейбір жанар-жағармай стансасында 250 теңге. Әркім өз бағасын ұсынып отыр. Тасымалдаушылар үшін қиын», - деді жүргізуші Әділбек Махмұтов. Оның айтуынша, жанар-жағармай стансаларының кейбірі 50-150 литр солярка құюға рұқсат береді. Ал жүк көлігі әр 100 шақырымға 35 литр жұмсайды. Салдарынан әр 100 шақырым сайын тоқтап, солярка құюға тура келеді. Ал жолда ондай мүмкіндік жоқ екенін алға тартты олар.
«Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы үш мұнай өндіру зауытынан дизель отынын алады. Біреуі жөндеу жүргізу үшін уақытша тоқтайды. Тапшылық содан тіркелді. Сонымен бірге қазіргі уақытта қорда 2 мың тонна солярка бар. Оның қанша уақытқа жететінін нақты айта алмаймын. Бірақ аз екені анық. Энергетика министлігімен бірлесіп Ресейден 5,5 мың тонна дизель отынын алу бойынша мәселесі бойынша жұмыс пысықталып жатыр. Келген соң жағдай жақсара түсуі тиіс. Қашан жеткізілетіні белгісіз. Еркін саудада солярка бар. Дегенмен шектеу де бар. Талонмен сатылады», - Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасы бөлімінің басшысы Думан Дәулетияров.