Фото: instagram.com/azamat_sarsenbayev
Ақтауда ұшақ апатын дрон арқылы түсіргені үшін қамауға алынған блогер Азамат Сәрсенбаев бостандыққа шықты, - деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл туралы Азамат Сәрсенбаев әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.
"Қош келдің, 2025... Ер адамның басынан не өтпейді!? 10 күн бойы, үйден 150 шақырым алыста осы нәрсені көп ойладым. Шынымды айтсам, мұндай нәрсе басымнан өткеніне де ризамын. Жалпы, достар, көп нәрсе жазғым келеді. Бірақ ең алдымен әйелім мен балаларымды құшағыма басып, ыстық душқа түсіп, жылы жерде ұйықтап алғым келеді. Қалғанын сосын айтамын, себебі менің айтарым бар...", - дейді блогер.
Еске сала кетсек, 25 желтоқсанда Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақты дрон арқылы түсірген блогер ұсталғаны белгілі болған. Блогер Instagram-парақшасында өзін Ақтау қалалық полиция басқармасына апарғанын айтқан.
Ал Маңғыстау облысы полиция департаменті Сәрсенбаевтың қоғамдық тәртіпті бұзғанын мәлімдеген.
"Ол оқиға орнында дрон ұшырып, құтқару және тергеу жұмыстарына кедергі келтірді және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбады. Қазір құқықбұзушы полиция басқармасына жеткізілді, оған қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады", - деген болатын полиция.