Ақтаулық полицейлер теңіз жағалауында көлігімен қауіпті трюк жасаған жүргізушіге төрт хаттама толтырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Маңғыстау облысы полиция департаментнің мәліметінше, тәртіп бұзушының автокөлігі айып тұрағына қойылған.
Ақтау полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Toyota Camry» жүргізушісінің жеке басын анықтады. Ол 15-шағынаудандағы жағалаудың жаяу жүргіншілер аймағында дрифт ұйымдастырған.
«Тәртіп бұзған тұрғынға қатысты ҚР ӘҚБтК 595-бабының 1-бөлігі (маневр жасау қағидаларын бұзу), 596-бабының 1-бөлігі (жаяу жүргіншілер жолымен, жол жиегімен немесе тротуармен жүру қағидаларын бұза отырып жүру), 601-бабының 1-бөлігі (жол белгілерімен немесе жолдың жүру бөлігінің таңбаларымен ұйғарылған талаптарды сақтамау) және 612-бабының 2-бөлігі (көлік құралын басқаруға құқығы жоқ адамның көлік санаты) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды» делінген хабарламада.
Жалпы жүргізушіге 43 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Шамамен 119 454 теңге. Көлік айып тұрағына қойылды.