24 қыр, 2021 сағат 09:17

Ақтауда өткен матчтан кейін жанкүйерлер полицияға жеткізілді – видео


"Каспий" мен "Астана" матчынан кейін полиция бес жанкүйерді ұстады. Олар Ақтаудың полиция басқармасына жеткізілді, деп жазады Sputnik Қазақстан порталы "Лада" сайтына сілтеме жасап.

Алаң иелері 0:1 есебімен жеңілген болатын. Жанкүйерлер матч нәтижесіне наразылық танытты. "Каспий" командасының екі жанкүйері алаңға жүгіріп шығып, төрешілер бригадасына барды. Екі-үш минуттан соң полицейлер оларды орнына қайтарды.


"Кездесу аяқталған соң "Каспий" жанкүйерлері стадион аумағының артында жиналып, барабан ұрып, наразылығын білдірді. Олар "Астана" футбол клубы автобусының өтуіне кедергі жасауға тырысты. Полиция ескертуіне мән бермеді. Бес жанкүйер ұсталып, түсіндіру жұмысын жүргізу үшін қалалық полиция бөліміне жеткізілді. Бұдан соң өзгелері тарқады", - деді полиция департаментінде.


"Астана" футбол клубының екі автобусы полициямен бірге қонақүйге жеткізілді. Футболшыларды тәртіп сақшылары күзетке алды.