Ақтауда мобильді топтар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Полиция қызметкерлері, әкімдік өкілдері дүкендерді, сауда орталықтарын, мейрамханаларды және басқа да кәсіпкерлік субъектілерін санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау бойынша тексеруде.
Демалыс күндері болған рейд кезінде 1Б шағын аудан 8/2 ғимаратта орналасқан «Shalaho» тойханасында мерекелік шараның (той) болып жатқаны анықталды. Мониторинг тобы сағат 00:40 барып, тойға келгендерді тарқатты. Осы және өзге де тәртіп бұзушылықтар ресми түрде тіркеліп, мейрамхана басшылығына акт толтырылып, түсініктеме алынды.
Әрі қарай тиісті шара қолдану үшін санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдарына жолданды.
Мониторинг тобының өкілдері вирус таралуына ықпал етіп, адамдар өмірін қауіпке тіккендер жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.
Сонымен бірге, кәсіпкерлік субъектілерінің басшыларына санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу бірнеше рет қайталанған жағдайда, ҚР қолданыстағы заңнамасы шеңберінде кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін уақытша тоқтата тұру шарасы қолданылады.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда карантинге қарамастан тығылып жұмыс істеген мейрамханалар анықталғанын жазған болатынбыз.