Ақтау қаласына жақын орналасқан №4 өнеркәсіптік аймағында шыққан өрттің ауаға келтірген залалын анықтау мақсатында экологтар сынама жасады. Бұл туралы Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Айнала заңсыз қоқысқа лық толы болған.
"Белгілі болғандай, бұл аумақта үйіліп жатқан көлік дөңгелектері өртеніп, әп-сәтте бірнеше шаршы аумақты шарпып үлгерген. Тез тұтанатын резеңке дөңгелектерінен шыққан жалын алғашында бет қаратпады. Әзірге оттың неден тұтанғаны белгісіз. Оқиға орнына алғашқы болып полицейлер мен өрт сөндіру қызметі жетті. Өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ", - деді департаменттегілер.
Сондай-ақ Маңғыстау облыстық экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары келіп атмосфералық ауадан сынама алды.
Күйенің белгіленген нормадан жоғары екендігі анықталып отыр.
Маңғыстау облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Сағдат Хансейітовтың айтуынша, өрт орын алған орынның қожайыны немесе өртенген қалдық иесі анықтап, жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады.
Құзырлы органдар өрттің неден шыққанын анықтауға кірісті.
Ақтау қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Асқарұлының айтуынша, өрттің себеп-салдары алдағы уақытта анықталатын болады. Оқиға орнына қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жеке құрамның 30 полиция қызметкері мен 4 экипаж тартылған.
Естеріңізге сала кетейік, 18 қыркүйекте таңертең Ақтау қаласы үстіндегі қара түтін жұрттың алаңдаушылығын тудырды. Тұрғындар әлеуметтік желіде түтіндеп жатқан жердің видеосын жариялады.
"Бүгін, 18 қыркүйекте, саяжайлар жақтағы өндірістік алаңда бірдеңе өртеніп жатыр", - деп жазды видео авторы.
Ал тұрғындар комментарийде "түтін қала ішіне тарап кетті", "қайта оқ-дәрілер қоймасы жоқ", "бізді біреу улап жатқан жоқ па?" деп пікір қалдырды.