27 ақп, 2025 сағат 11:20

Ақтау әкімінің бұрынғы орынбасары Өзбекстаннан елге экстрадицияланды

Фото: КазТАГ

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, халықаралық іздеуде болған Тимур Сәдуақасов Өзбекстаннан елге жеткізілді, деп хабарлайды Ult.kz.

25 ақпанда Түркістан облысындағы «Қапланбек» шекара бақылау-өткізу пунктінде ол Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлеріне тапсырылып, кейін Шымкент қаласындағы тергеу изоляторына қамалды. Жақын арада ол Павлодар қаласындағы тергеу изоляторына жеткізіледі.

Тимур Сәдуақасов алаяқтық және аса ірі көлемде пара беруге итермелеу бойынша айыпталып отыр, оған іздеу жарияланған болатын. 2023 жылы ол және адвокат С.Құрманбаевпен бірге кәсіптегі серіктестеріне қарсы қылмыстық іс қозғауды ұсынып, 90 млн теңге алған.

Ол Өзбекстан шекарасын заңсыз кесіп өту кезінде ұсталды.