Биыл – Тәуелсіздікке 25 жыл. Ширек ғасыр толып отырған Тәуелсіздік мерейтойы қоғам үшін зор маңызға ие. Мәні мен маңызы үлкен жауапкершілік пен азаматтық парыз жүктеп отырған Тәуелсіздік тойына өнер ұжымдары да өз үлестерін қосуда, деп хабарлайды М.Әуезов театрының баспасөз қызметі.
М.Әуезов театры Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында бірқатар іс-шараларды абыроймен өткізді. Сол іс-шаралардың ішіндегі шоқтығы биік, идеялық-мазмұндық тұрғыдан мемлекеттік саясаттың жемісін көрсетіп, оны одан әрі насихаттауға серпін беріп, қоғам бірлігінің нығая түсуіне ықпал еткен «Ақтастағы Ахико» спектаклі.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында 91-маусым шымылдығын ашқан Мәдина Омарованың «Ақтастағы Ахико» спектаклінің әр қойылымы аншлагпен өтіп, көрерменнің жоғарғы бағасын алды. Сонымен қатар, республикалық БАҚ та кеңінен жазылып, әртүрлі пікірлер мен көзқарастардың тууына себепші бола отырып, ел ішіне кең тарап, жұртшылықтың қызығушылығын туғызды.
Еліміздегі «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» - қоғамдағы бірлік пен татулықты, тұрақтылықты нығаютуға бағытталған саясаттың сахнадағы нақты көрінісіндей болған айтулы спектакльдің өмірге келуі де ерекше. Бұл туралы театр директоры Ерлан Біләл былай деп еске алады.
«Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында көркемдік жетекші болып жұмыс істеп жүргенімде театр Қарағанды қаласына гастрольдік сапарға барды. Сол сапарда қазіргі Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбековке жолықтым. Ол кісі әңгіме барысында бір тағдырлы кісі жайлы білетінін алайда ең әуелі КАРЛАГ түрмесінің орнындағы музейге барып көріп келуімді өтінді. Бардым. Көрдім. Музейден алған әсерім жанға, санаға өте ауыр болды. Неше күн сол күйден айыға алмай жүрдім. Содан Нұрлан аға Ахиконың тағдырлы өмір жолын әңгімелеп берді. Сөйтіп, Ахико Тецуроның өмірін арқау еткен қойылым жасауды ұйғардық. М.Әуезов театрына басшы болып тағайындалған соң, театр драматургі Мәдина Омароваға айтып, Ахиконың тағдырынан пьеса жазуын өтіндім. Мәдина Ахико Тецуро тұрып жатқан Ақтас ауылына барып, ақсақалмен жолығып, өмірін өз аузынан естіді. Осылайша, «Ақтастағы Ахико» пьесасы өмірге келді. Ал, шығарманы сахнаға шығарып, қойылым қою үшін талантты режиссер, «Қара шекпен», «Қоштасқым келмейді...» спектакльдері арқылы көрермен ықыласына бөленген Асхат Маемировты арнайы шақырып, «Ақтастағы Ахико» пьесасын сахналап беруді өтіндік.»
«Ақтастағы Ахико» спектаклінің сахнаға шығып, көрерменмен қауышуына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы зор ықпал жасап, жан-жақты қолдау көрсетті. Министрдің айрықша көңіл бөлуінің нәтижесінде спектакль жоғары дәрежеде сахналанды.
Осылайша, М.Әуезов театры Тәуелсіздіктің 25 жылдығына үлкен рухани сый тарту етті. Қоғамда үлкен қызығушылық тудырып, әр қойылымы аншлагпен өткен деректі драманың бас кейіпкері Ахико Тецуроның тағдырын Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Жапонияға ресми сапары барысында Жапония Парламентінде сөйлеген сөзінде тілге тиек етіп, сол арқылы Қазақстандағы тұрақтылық пен татулықты сырт елдерге үлгі етті. Өз кезегінде бұл да «Ақтастағы Ахико» қойылымының жетістігі.
Міне, енді Ахико Тецуроның сахналық бейнесімен, тағдырымен арқа жұрты қауышпақ. Театрдың Қарағанды және Астана қалаларына жасалатын гастрольдік сапарында «Ақтастағы Ахико» қойылымын 25 қарашада Ахиконың жерлестері, қарағандылықтар тамашалай алады. Ал, 29 қарашада «Ақтастағы Ахико» Тәуелсіздік және келісім сарайында Астана жұртының назарына ұсынылады.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған ең ірі өнер тартуы – «Ақтастағы Ахико» спектаклін көруге асығыңыздар!
"Ұлт ақпарат"