12 там, 2016 сағат 14:41

Ақсу жастары үнділердің «Хо­ли» дiни фестивалін неге тойлап жүр?

Ақ жейде киіп келіңдер, холи бояуын шашамыз!..

Ақсу қаласының 55 жылдығына орай Жастар бастама­ларын дамыту орталығы мереке күніне қатысушы­ларға алдын ала осындай хабарландыру жасапты.

Естімеген елде көп. Сөйтіп, үнділердің бір-біріне холи бояуын шашу ойынына Ақсудағы мерекеде 400-ге жуық адам қатысыпты. Қаладағы «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» жеті түсті холи бояуын тіпті, арнайы тапсырыспен Алматыдан алдырыпты. Бұл не?..

Үнділердің «Холи» мереке­сі жайлы интернет беттеріндегі аңыздарда «холи» сөзінің «холика» деген әзәзілдің атына байла­ныс­ты шыққаны айтылады. «Хо­ли» үнділердің дiни фестивалі. Бұл күні үнділер бір-біріне түрлі-түсті ұнтақтар лақтырып ойнап, наурыз айының басында үш күн тойлайды екен. Холика періні жеңдік деп бір-біріне бояу шашады.

Қала әкімдігі ешқандай мәде­ни-рухани бағдарламалар таба алмаған ба, ақсулық жастар бір-бірімізге холи бояуын шашып ойнасақ, 55 жыл­дық мерейтойда «Бояулар ме­рекесі» барлық қатысушылардың көңіл күйін көтереді депті. Әрі бояу­­лар құрғақ, тез жуылып, киімде дақ қалдырмайды. Фестивальға қа­тысқысы келетіндер ақ жейде киіп келуі керек екен.

Ал Ақсудағы мешіт имамдары үнділердің бояу шашу ойынының мұсылман баласы үшін тыйым салынғанын білмей ме, сонда?! Өзге дiннiң өзгешелігінен жастардың бойын аулақ ұстау керектігін ескерту керек еді. Бір-бірінің бет-аузын түрлі-түсті бояумен бояп, денелері қызыл-жасыл түске малынған жастар жын қаққандай сенделіп, қандай бастаманы дамытып жүр, сонда? Біздің дінге, біздің дүниетанымға, қазақы болмысқа, салт-дәстүрге қатысы жоқ үрдістің өмірімізге ентелей кіргені жақсы емес. Жастар көздерін аша алмай, қызылды-жасылды құрғақ бояуға көміліп, елімізде қабылданған Мәңгілік Ел, Ұлы Дала елі идеяларын ұмыт қалдырса, бара-бара не боламыз?.. Иә, сөз жоқ, үнді елі – ғажап ел. Киносын бала кезден көріп, шайын ішіп өстік. Бірақ, ел аман, жұрт тынышта олардың діни мейрамын тойлап, Ақсудың жастарын не қара басты екен?!

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»