31 жел, 2016 сағат 12:12

«АҚШЫҢ» корпорациясы 500 балаға қуаныш сыйлады


Жыл сайынғы дәстүрге сай «АҚШЫҢ» корпорациясы Абай атындағы театрда 500-ден астам балаға Жаңа жыл қуанышын сыйлады.

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, Семей қаласының Құрметті азаматы, «АҚШЫҢ» Корпорациясының президенті, белгілі меценат Марат Құрманбайдың демеушілігімен жүзеге асқан шарада тәй-тәй басқан бүлдіршіндерден бастап, он үш жасқа дейінгі ұрпақ буыны түгелдей қуанышқа кенелді. Атап айтқанда, Марат Серікжанұлы депутат болып сайланған №20 сайлау округі құрамындағы ауыл мектептерінің оқушылары, әлеуметтік орталықтардан көмек алатын балалар  мен  озат оқитын ұл-қыздар түгелдей енген.

Жаңа жылдық шыршаның айналасына жиналған балалар мен ата- аналар аққала, өрмекші, мешін, тауық кейпіндегі ертегі кейіпкерлерінің Аяз Ата мен Ақшақар келгенге дейін қызықты карнавал көрінісін тамашалады. Ән мен би алмасқан думанды кешке арнайы келген  Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты М. Құрманбай кішкентайлардың қуанышын бөлісті.

- Кішкентай бүлдіршіндерімізді қуанышқа бөлеу – баршамыздың парызымыз. Өйткені, олар еліміздің ертеңгі болашағы,-деді Марат Серікжанұлы.-Сондықтанда, балалар, сендер де жақсы оқып, ата-аналарыңды әрдайым қуантып отырыңдар. Өнерлі де білімді болып өссеңдер біздің еліміз де өркендей береді. Жаңа Жыл қуаныштарың құтты болсын, жақсылықтарың жалғаса берсін! Барлықтарыңыздың отбасыларыңызға келген жылдың жақсылығы көп болуын тілеймін!

Мерекелік шара соңында барлық балалар мен ата-аналар Аяз ата, Ақша қармен, ертегі кейіпкерлерімен естелік суретке түсіп, «АҚШЫҢ» Корпорациясы тарту еткен сыйлықтар алып, шексіз қуанышқа кенелді.   

Сәтжан Қасымжанұлы,

Семей қаласы

Ұлт порталы