Қара теңіздегі НАТО кемелері.
АҚШ Украинаны қолдап, Қара теңізге әскери кемелерін жіберу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы АҚШ қорғаныс министрлігі ақпаратына сүйенген CNN хабарлады.
Пентагон өкілі телеарнаға берген сұхбатында Қара теңізде америкалық әскери-теңіз флоты бар екенін айтты. Ол жаққа қосымша кеме жіберу арқылы АҚШ Ресейге Украина шығысындағы жағдайды мұқият бақылап отырғандығын білдіргісі келеді деді Пентагон өкілі.
CNN арнасының хабарлауынша, Вашингтон Босфор мен Дарданелла бұғаздары арқылы кемелерін өткізгісі келсе, 1936 жылғы конвенцияға сәйкес Түркияға екі апта бұрын ескерту жіберуі тиіс. Онда да әскери кемелердің жалпы салмағы 30 мың тоннадан аспауы тиіс. Анкараға мұндай ескерту жіберілді ме, жоқ па, ол жағы белгісіз.
Қорғаныс министрлігінің өкілі АҚШ халықаралық әуе кеңістігін барлап, Қара теңіздегі ресей кемелерінің бағыты мен аннексияланған Қырымдағы әскерді қадағалайды деп мәлімдеді. Әскерилердің айтуынша, Вашингтон Украинамен шекараға ресейлік әскердің шоғырлануын шабуылға дайындық ретінде қарастырмайды.
Дегенмен Ресейдің Украинамен шекара маңына әскер орналастыруына АҚШ-тың алаңдап отырғанын Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки де хабарлады.
Кейінгі апталарда сарапшылар, бірқатар елдің ресми өкілдері, ұйымдар Украинамен шекарада ресей әскерінің шоғырлануына назар аударған. Conflict Intelligence Team тобы әскери лагерьлердің бірі Украина шекарасынан шамамен 250 шақырым жерде орналасқанын айтады.
Киев Ресей елдің шығысындағы сепаратистерді желеу етіп, басып кіруге дайындық жасап отыр деп қауіптенеді. Кремль ел аумағындағы кез келген әскери дислокация мемлекеттің ішкі мәселесі деп айтқан.