14 сәу, 2022 сағат 10:33

АҚШ Украинаға жаңа әскери көмек жолдайды


АҚШ президенті Джо Байден Украина басшысы Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесіп, Киевке жаңа әскери көмек беретінін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақ үй сайтына сілтеме жасап.

АҚШ басшысының сөзінше, Вашингтон "қару-жарақ, оқ-дәрі және Украинаның қауіпсіздік саласына басқа да көмек түрінде" қосымша 800 миллион доллар бөледі.

Байден АҚШ Киевке жаңа көмек аясында бұрыннан жеткізіліп жүрген қару-жарақ пен әскери техникадан бөлек, бронтранспортерлерді, артиллериялық жүйелер мен снарядтарды қоса алғанда "жаңа құралдарды" жіберуге ниетті екенін айтты.

"Мен қосымша тікұшақтардың берілуін де мақұлдадым", - деді Байден.

Оның айтуынша, қару-жарақ жеткізуден басқа, Америка Құрама Штаттары одақтастармен Украинаға айтарлықтай әскери көмек көрсетуге келісті.

Бұған дейін АҚШ Украинаға 300 миллион доллар көлемінде қосымша әскери көмек берген болатын.