27 қаң, 2025 сағат 13:48

“Ақша табудың заңды жолы”: Асхат Аймағамбетов МӘМС ке шүйлікті

фото: Мәжіліс баспасөз қызметінен

Бүгін, Мәжілісте МӘМС жүйесін жетілдіру туралы үкімет сағаты өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Үкімет сағатында депутат Асхат Аймағамбетов МӘМС жүйесіндегі бірқатар мәселеге тоқталып, жүйенің жұмысына шүйлікті. Оның айтуынша:

“Өзенде жүзіп келе жатқан қайықты елестетіп көріңіздер. Қайықтың түбі тесіліп, ішіне су толып жатыр. Ішке кірген су тоқтайтын емес. Қайықшы оны жамаудың орнына, шелекті алып суды сыртқа төгумен ғана әлек. Бірақ су тоқтамайды, қайық бата береді, өйткені бұл әрекет нәтиже бермейді.
Міне, дәл осындай жағдай қазір МӘМС жүйесінде орын алып отыр. Мәселенің негізгі себебін жоюдың орнына, тек оның салдарымен ғана күресуде. Жүйелі реформалар орнына – уақытша шаралар”.

Одан бөлек, Аймағамбетов: стратегиялық көзқарас жетіспейді. МӘМС-тің қазіргі моделі медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп отыр деді.

Депутат, үш мысал келтірді:

  • МӘМС бойынша 5 айлық баланың тісін қанқұрттан емдеген екен. 5 айында әлі тісі шықпаған балада қандай қанқұрт болуы мүмкін?
  •  Бұдан да сорақы жағдай: басқа бір адамның 82 тісі емделген екен және соған қаражат төлесін деп клиника Қордан ақша сұраған.
  •  Тағы бір кейіс – бір күнде бір адамға бір аурухана 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша мұндай мысалдар өте көп. Өйткені:

“МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен «қосып жазуға» итермелейді, себебі қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ, ал клиникалық хаттамалар мен стандарттар анық емес”,-деді ол

Бұрын остеохондрозды рентгенсіз де анықтайтын. Кейін рентген қолданыла басталды. Бұған депутат:

“Дұрыс. Ал енді қазір остеохондрозды анықтау үшін бір науқасқа рентген, одан кейін КТ, сосын МРТ және басқа да қосымша тексерулер тағайындалады. Бұның бәрі ақша табудың «заңды» жолы”,-деді депутат.

Неге және не істеу керек деген сұраққа депутат Асхат Аймағамбетов:

 “Қазіргі тариф медициналық ұйымдардың, әсіресе стационарлардың нақты шығындарын өтемейді. Олар тек жалақы төлеуге және шұғыл қажеттіліктерді қамтамасыз етуге әрең жетеді. Медициналық ұйымдар «шықпа, жаным, шықпаның» күйін кешіп отыр. Коммуналдық қызметтерді төлеу шығындарын тариф аясынан алып тастау туралы айтылғанымен, бұл мәселе әлі күнге дейін шешілген жоқ”,- дейді.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша МӘМС тегі мәселені шешудің жолдары мынадай:

  • Медициналық қызметтер көлемін жоспарлау әдістемесін әзірлеп, тұтыну нормативтерін бекіту.
  • Коммуналдық қызметтер шығынын тарифтерден бөлек қарастырып, жаңа тарифтік әдістемені бекіту.
  • Медициналық қызметтерді қосалқы мердігерге беру үшін нақты критерийлер мен талаптарды белгілеу, қызмет көлемінің шекті деңгейі мен түрлерін анықтау.
  • Лицензия беру рәсімін қайта қарап, бес жыл сайын мемлекеттік аттестация түрінде постлицензиялық бақылау енгізу.
  • Кепілдендірілген көлемді төлеу мөлшерін қайта қарау: ең төменгі тұрақты шығындарды сақтай отырып, қалған бөлігін денсаулық пен сапа көрсеткіштеріне байланыстыру. Бұл көрсеткіштер орындалмаған жағдайда регрессивті шкала қарастыру.
  • Мемлекеттік тапсырысты бөлуде сапаның нақты индикаторларын белгілеу. Ол индикаторлар бұзылған жағдайда тек көлемді азайтып қана қоймай, келісімшартты бұзу, қызметті тоқтату және қажет болғанда лицензияны кері қайтару.