24 қаз, 2021 сағат 12:30

АҚШ-та Путинге жақын адамдар тізімінен шығаруды талап еткен ресейлік олигарх қайтыс болды


Ресейлік физик, кәсіпкер Валентин Гапонцев АҚШ-та 83-ге қараған жасында қайтыс болды, деп хабарлайды Азаттық.

Forbes журналы оның байлығын 2,8 миллиард долларға бағалаған.

Гапонцев өнеркәсіп лазерін өндірумен айналысқан. 2018 жылы ол АҚШ қаржы министрлігін сотқа беріп, мекемеден өзін Ресей президенті Владимир Путинге жақын олигархтар тізімінен алып тастауды талап еткен.

Мәскеуде туған Гапонцев Львов политехникалық институтты және Мәскеу физика-техникалық институттың аспирантурасын тәмамдаған. 1967 жылдан бастап СССР Ғылым академиясындағы Радиотехника және электроника институтында жұмыс істеген.

Совет одағы ыдыраған соң бизнеспен айналысқан. Өнеркәсіп лазерлерін өндірумен, оларды сатумен айналысқан. Оның IPG Photonic дейтін компаниясы – әлем бойынша өнеркәсіп лазерлерінің ең ірі өндірушілерінің бірі саналады. Компанияның нарықтағы құны 8,9 миллиард доллар шамасында.

2018 жылы қаңтарда АҚШ қаржы министрлігі өзінің есебінде АҚШ азаматтығын алып үлгерген Гапонцевті Путинге жақын адамдардың тізіміне қосқан. Тізімге кіргеннен кейін оның компаниясы 3 миллиард долларға арзандаған, ал өзі 3 миллиард долларға жуық байлығының жартысынан айрылған.

Сол жылы желтоқсанда ол сотқа жүгініп, өзін тізімнен алып тастауды талап етті. Адвокаттары оны олигарх деп атауға болмайтынын, кәсібінің едәуір бөлігінің Ресейге қатысы жоқ екенін айтқан. Жарты жылдан кейін ол қаржы министрлігімен келісімге келіп, шағымын кері қайтарған. Гапонцев өзін осы тізімнен алдыра алған жалғыз ресейлік саналады. Forbes журналының жазуынша, кейінгі жылдары ол қатерлі ісік ауруына шалдығып, емделіп жүрген.