04 там, 2022 сағат 11:35

АҚШ сенаты Финляндия мен Швецияның НАТО-ға мүшелігін қолдады

Солдан оңға қарай: Финляндия президенті Саули Ниинисте, АҚШ президенті Джо Байден және Швеция премьер-министрі Магдалена Андерссон. Вашингтон, 19 мамыр 2022 жыл.

Сәрсенбіде АҚШ конгресі Финляндия мен Швецияны НАТО-ға мүшелікке қабылдау туралы келісімді мақұлдады. Келісімге 95 сенатор дауыс беріп, бір адам қарсы болды.

"Финляндия мен Швецияның мүшелігі НАТО-ны нығайта түседі. Бұл Ресей басқыншылығы тұсында, Путиннің Украинадағы әділетсіз, адамгершілікке жат соғысы тұсында өте маңызды" деді Сенатта басым көпшілік болып отырған демократтар жетекшісі Чак Шумер.

АҚШ президенті Джо Байден шешімді қос партияның НАТО-ны қолдау ниетінің көрінісі деп бағалады.

Финляндия мен Швецияны НАТО-ға қабылдау туралы келісімді одаққа мүше 30 елдің барлығы қолдауы тиіс. 23 мемлекет арнайы шешім қабылдап қойған. Швеция мен Финляндияны күрдтерге саяси баспана берді деп кінәлаған Түркияның ұстанымы әзірге бұлыңғыр. Үш мемлекет арасында бұл мәселе бойынша келісім болғанмен, Түркия басшысы Режеп Ердоғанның кандидаттарға айтатын "сын-ескертпелері" бар. НАТО-ға екі мемлекетті қабылдау процесі одақтың 70 жылдық тарихындағы ең жедел шешімдердің бірі болайын деп тұр.