АҚШ деректеріне қарағанда, Ресей Украинаның шығысында "Луганск халық республикасы" (ЛХР) және "Донецк халық республикасы" (ДХР) деп өзін өзі жариялап алған сепаратистік құрылымдарды аннексиялауды, бұған қоса Украинаның Херсон облысында "Херсон халық республикасы" дейтін тағы бір сепаратистік құрылым жариялағаннан кейін, оның "тәуелсіздігін" мойындауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Азаттық.
Бұл туралы дүйсенбіде АҚШ-тың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы елшісі Майкл Карпентер АҚШ барлауы мәліметіне сүйеніп мәлімдеді. Мәскеу "сепаратистер бақылауындағы Луганск әрі Донецк облыстарында жалған референдумдар өткізбекші, сөйтіп оларды Ресейге қосып алмақшы" деп хабарлады Карпентер. Оның сөзінше, Мәскеу Украинаның Херсон облысында "тәуелсіздік" жөнінде дауыс беруді ұйымдастыруды әзірлеп жатқанын аңғартатын белгілер де бар.
"Біз демократиялық және сайлау заңдылығын көзбояушылық жасауға пайдалануды көксеген Кремль жасанды референдумдар өткізуге тырысуы мүмкін деп санаймыз... Мұндай жалған референдумдар, бұрмаланған "дауыс беру қорытындылары" заңды деп мойындалмайды, Украина жерін қосымша аннексиялауды көздейтін кез-келген ұмтылыс та заңды деп мойындалмайды", - деп мәлімдеді Карпентер.
Оның сөзінше, мұндай талпыныс мамырдың ортасында жасалуы мүмкін. Ресей әскері өзі басып алған аумақтағы жергілікті мектептерде Ресей мектептеріне арналған оқу бағдарламасын енгізу жоспары, қалалар мэрлері мен жергілікті кеңестер мүшелерінің ұрлануы, оларды интернет пен ұялы байланыс желісінен ажырату әлгіндей жоспар барын меңзейді.