АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп өз жұмысына кіріспей жатып-ақ өз елінің Қытаймен арадағы байланысына сызат түсіріп алды. Бұл өз кезегінде келер жылы әлемдік нарыққа қатер болып төнуі мүмкін деп жазады Іnvesting басылымына сілтеме жасаған «Егемен Қазақстан».
Президенттік таққа отырмай жатып Дональд Трамп АҚШ-Қытай қатынасын ушықтырып алды. 3 желтоқсан күні Тайвань әкішілігінің басшысы Цаф Инвеймен 10 минут телефон арқылы сөйлескен. Оған жауап ретінде Қытай Трамптан өздерінің «бірыңғай Қытай» саясатына құрметпен қарауды талап етті. Өйткені, Қытай Тайваньды өздеріне тәуелді аймақ ретінде таниды.Ал Дональд Трамп жексенбі күні Fox News арнасына берген сұхбатында Американың Тайваньмен арақатынасына Пекиннің араласуына жол бермейтінін мәлімдеді.
«Қытайдың маған жөн сілтегенін қаламаймын. Біз неге «біртұтас Қытай» саясатын ұстану керекпіз?», — деді АҚШ-тың болашақ көшбасшысы. Қытай тарапы егер Трамп осы бетінен қайтпайтын болса, екі ел арасындағы барлық байланысты үзетінін жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, 37 жыл бұрын АҚШ Қытайдың «бірыңғай Қытай» саясатын қолдау мақсатында Тайваньмен байланысты үзген еді. Егер Трамп Тайваньды өз алдына тәуелсіз ел ретінде танып, онымен тікелей әріптестік құратын болса, 1972 жылдан бері қалыптасқан АҚШ-Қытай әріптестігіне сызат түспек.
«Трамп әлгі қадамы арқылы отпен ойнап жатыр. Қытай ешқашан да мұндайға төзе алмайды», — дейді Danske Bank сарапшылары.
АҚШ-Қытай дағдарысы халықаралық инвесторлар үшін де жағымды жаңалық болмауы тиіс. Нәтижесінде қос алыптың текетіресі 2017 жылы қаржылық дағдарысқа себеп болуы мүмкін.
Анар Лепесова