09 қаз, 2019 сағат 14:34

АҚШ Қытайдың "Шыңжаңдағы қуғынға қатысы бар" шенеуніктеріне виза бермейді

Шыңжаңдағы "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінің" бірі. Маусым айы, 2019 жыл.

АҚШ мемлекеттік департаменті “Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және өзге де аз ұлт өкілдерінің қысымға ұшырауына қатысы бар" Қытай билігінің өкілдеріне визалық шектеу қойды. Бұл шектеу шенеуніктердің отбасына да қолданылады.

АҚШ мемлекеттік департаментінің 8 қазанда жарық көрген мәлімдемесінде "Қытай билігінің этникалық ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар және өзге де мұсылман ұлттар өкілдерін қудалап жатқаны" айтылған.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның айтуынша, билік аз ұлт өкілдерін ұстап, қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріне жаппай қамап жатыр. Оларды бақылау камераларының көмегімен аңдып, діни наным-сенімін білдіру құқықтарын шектейді. Бұған қоса, шетелде жүрген азаматтарын Қытайға қайтуға мәжбүрлеп жатыр.

АҚШ мемлекеттік департаменті Қытайды "Шыңжаңдағы қысымды тоқтатып, қамауда отырғандарды босатуға" шақырды.

6 қазанда АҚШ "Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарға қысым жасауға атсалысқан" Қытайдың 28 компаниясына санкция салған. Қара тізімге енген компаниялар арасында Қытайдың 20 қоғамдық қауіпсіздік бюросы, видео бақылау жүргізетін Hikvision фирмасы, адам жүзін анықтау құрылғыларын дайындайтын Sense Time және Megvii Technology компаниялары бар. АҚШ санкция салған Қытай компаниялары енді Америкадан Вашингтонның рұқсатынсыз тауар сатып ала алмайды.

Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гэн Шуан АҚШ-тың Қытайдың 28 компаниясына салған санкциясын "басқа елдің ішкі ісіне араласу" деп айыптады.

2017 жылдың көктемінен бастап Қытайдың Шыңжаң аймағында этникалық азшылықтарға, соның ішінде этникалық қазақтарға да қысым көрсетіліп, "саяси лагерь" аталған жаппай қамау орындары пайда болғаны туралы хабар тарай бастаған. Қытайдан оралған этникалық қазақтар Қытайға Қазақстаннан жолаушылап барғанда қайта алмай, кейбірі саяси лагерьге алып кеткені жайлы шағымданған.

Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.

АҚШ пен Батыс елдері Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын "аз ұлттардың мәдениеті мен дінін жою амалы" деп атады. Қыркүйек айында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесуінде Пекиннің этникалық ұйғырларды Қытайға қайтару туралы талабын орындамауға шақырды.

Өткен аптада Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "Шыңжаңдағы лагерьде қазір қазақтар жоқ" деп мәлімдеген. Ол Қытайдағы қайта тәрбиелеу орталығында қанша қазақ қамауда отырып шыққанын ашып айтпады. Бірақ Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтеріп жүрген Қазақстандағы "Атажұрт еріктілері" ұйымы "лагерьде қазақтар қалмады" деген министр сөзін жоққа шығарады.