13 жел, 2021 сағат 10:47

АҚШ Конгресі Қазақстанды тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады


АҚШ Конгресінде Қазақстанды тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады. Бұл туралы ҚазАқпарат СІМ сілтеме жасап хабарлайды.

АҚШ Конгресіндегі Өкілдер палатасының мүшелері Жаклин Валорски, Роберт Адерхольт және Стивен Шабот Қазақстан тәуелсіздігінің және екіжақты қарым-қатынастардың 30 жылдығына орай Конгрестің ресми бюллетенінде тіркелген жариялы мәлімдемелер жасады. 

Ж. Валорски Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев саясатының арқасында қол жеткізген Қазақстанның тамаша жетістіктерін, Семей полигонын жабу және ядролық арсеналдан бас тарту арқылы «ядросыз болашақ үшін міндеттемелерді қабылдау» туралы шешімдердің көрегендігін, «Қазақстанда еркін нарықтық экономика құру идеясына берілгендігін» және шетелдік инвесторлармен жұмыстың жоғары маңыздылығын терең түсінгенін жоғары бағалады. Қазақстанда одан әрі жаңғырту бойынша қадамдардың қажеттілігін айта келіп, ол «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы қоғамдық өмірдің барлық салаларына бағытталған ішкі реформаларды, оның ішінде азаматтық қоғамның ашықтығын арттыруға бағытталған қолданыстағы заңдарды жаңартуға бағытталған саяси және парламенттік реформаларды жүзеге асыруға үлкен көңіл бөлуде» деп мәлімдеді. «Қазақстан 30 жылдан бері Орталық Азиядағы бейбіт және тұрақтандырушы күш болып қала беруде», бұл елдің демократия құндылықтарына беріктігінің дәлелі деп санайды Индиана штатында сайланған конгрессвумен.

Конгрессмен Р. Адерхольт Қазақстан халқын тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, әлемнің стратегиялық маңызды өңіріндегі еліміздің айрықша рөліне тоқталды. «Президент Қасым-Жомарт Токаевты және Қазақстан халқын қысқа мерзім ішінде қол жеткізген елеулі өрлеуімен құттықтаймын», – деді ол. АҚШ Конгресіндегі Алабама штатының өкілі Қазақстанның АҚШ-пен қорғаныс, қауіпсіздік, терроризмге қарсы іс-қимыл және басқа да өзара мүдделі салалардағы өзара іс-қимылын жоғары бағалады. Осы орайда екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті және әріптестерімен қатар Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласындағы жетекші рөлін, 2006 жылы Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарттың маңыздылығын атап өтті.

АҚШ Конгресіндегі Қазақстанның достары тобының тең төрағасы, Огайо штатында сайланған конгрессмен С. Шабот екі ел арасындағы экономикалық байланысты одан әрі дамытудың маңыздылығын айтты. Оның айтуынша, «Қазақстанда мықты нарықтық экономиканы қалыптастыруға күш салып, шетелдік инвестицияларға тартымды жағдай жасау мақсатында заң үстемдігі мәселелеріне көп көңіл бөлінеді». Осы орайда ол «Астана» Халықаралық қаржы орталығының рөліне бөлек тоқталды.

АҚШ Конгресінің өкілдері қабылдаған жариялы мәлімдемелері екіжақты кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің қарқынды дамуының тағы бір дәлелі болып табылады.