АҚШ Азияның қай еліне ракета орналастыруы мүмкін? Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Astana Club саяси форумының отырысында америкалық және ресейлік сарапшылар осы мәселеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Азияға орта және шағын қашықтықтағы ракеталарды орналастыру – келешекте талқыланатын мәселе. Қытаймен текетіресте өз одақтастарын қолдау үшін АҚШ-тың Азияға ракета орналастырғысы келетіні жайлы айтылып жатыр. Алайда біріншіден, мен ешқандай текетіресті көріп тұрған жоқпын. Екіншіден, дәл қазіргі күні жерүсті ракеталарын америкалықтар қай мемлекетке қойғысы келетіні түсініксіздеу. Өйткені, АҚШ бір кездері зымыранға қарсы THAAD қаруын Оңтүстік Кореяға қойғысы келген еді. Осыдан кейін Қытай Оңтүстік Кореяға, корей тауарларына бойкот жариялаған болатын. Шындығында, Қытайдың көрші елдерге ықпал ете алатын экономикалық тетіктері айтарлықтай салмақты. Ракеталар Жапонияға қойылуы мүмкін. Бірақ, ол жаққа қойса, қауіп Қытайға ғана емес, Ресейге де туындайды. Австралия десек, АҚШ 5 мың шақырымға ұшырарлық ракеталарды әлі жасаған жоқ. Еуропаға қойса, онда кезекті дағдарыс басталады. Сондықтан, америкалық әріптестер ракеталарын дәл қай жерге қоятынын байқап көрелік», - деді ресейлік ПИР орталығының төрағасы, генерал-лейтенант Евгений Бужинский.
Бұл мәселеге қатысты 2007-2012 жылдар аралығында Словения президенті болған Данило Тюрк та пікір білдірді. Оның айтуынша, әлем мемлекеттері арасында сенім деңгейі төмендеп бара жатыр. Бұл – нағыз саяси проблемаға айналған.
«Қазіргі уақытта сенім атаулыға селкеу түскенін анық бақылап отырмыз. Аталған мәселеге қатысты айтарым: ең бастысы, ешкім де ешбір жерге ракета орналастырмағаны абзал. Екіншіден, мәселені шешу үшін белгілі бір жерде формальдан тыс процесс бастаған дұрыс. Сенімнің түсіп кеткенін ескерсек, салмақты келіссөздерді жүргізерлік дәл қазір жағдай жоқ. Бүгін біз Қазақтсан астанасы Нұр-Сұлтан қаласында бас қосып отырмыз. Қазақстанда бейбіт процесстерді ұйымдастыруда мол тәжірибесі бар. Ядролық қарулардан бейбіт аумақтарды құруда бұл ел зор жетістікке жетті. Одан бөлек, Қазақстан Сирия мәселесі шешуде аса белсенділік танытты. Астана процесін айтып тұрмын. Сондықтан, дәл осындай формальдан тыс процесті Қазақстан бастай алар еді», - деді ол.
Ал АҚШ-тың Карнеги қорының вице-президенті Эван Фейгенбаумның сөзіне құлақ ассақ, қазіргі әлемдік жағдайда АҚШ пен Қытайдың бәсекесін реттеу ісіне ерекше назар аударылып отыр.
«Америкалық-қытайлық ахуал жайлы: бүгінгі күні Қытай мен АҚШ-тың әлем елдеріне салып отырған инвестициясы қыруар екені бесенеден белгілі. Одан бөлек, АҚШ аумағында оқып жатқан шетелдік студенттердің 40 пайызы – қытайлықтар. Сондықтан, бұл – бәсекелестік мәселесі ғана емес, ол – экономикалық жарыс. Бұл текетірес континенттегі елдерге құйылып жатқан капиталды тоқтатып тастауы да мүмкін. Бәсекенің бәсеңдеуінің ешқандай жолы көрініп отырған жоқ. Әлбетте, белгілі бір позитивті элементтер бар. Бірақ, олар шынайы емес. Сол себепті қытайлық-америкалық ахуалдың жайы осылай. Бәрін ысырып, Америка мен Қытай белгілі бір келісімге келсе де, бұл мәміле қордаланып қалған мәселелерді шеше алмайды», - деді Эван Фейгенбаум.
Айта кетсек, осы жазда euronews ақпарат көзі АҚШ-тың Азияға орта қашықтықтағы орташа қашықтықтағы ракеталарды қойғысы келетіні туралы хабарлама таратқан болатын. Пентагон басшысы Марк Эспер бұл туралы Австралияға жұмыс сапары барысында мәлімдеген.
Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтанда Astana Club саяси форумының бесінші отырысы өтіп жатыр. Отырыс барысында «Еуразия үшін 10 басты сын-қатер» тәуекелдер рейтингісінің екінші басылымының тұсауы кесілді. Форум жұмысына 40-қа тарта әлемдік беделді сарапшы мен саясаткер қатысуда.