09 нау, 2021 сағат 08:05

АҚШ америкалық вакцина жайлы "жалған ақпарат таратқаны үшін" Ресейді айыптады

АҚШ коронавирусқа қарсы америкалық вакцинаны "қаралауды көздейтін" ресейлік кампанияны сынады. Вашингтон "қолда бар құралдармен" аталған кампанияға тойтарыс беруге уәде берді. 

"Күн сайын адамдар өмірін құтқарып жатқан вакцина туралы жалған ақпарат таратқан Ресейдің ескі айла-амалдарға жүгініп жатқаны бесенеден белгілі және сол арқылы адамдардың өміріне қауіп төндіріп жатыр" деді АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Нед Прайс 8 наурызда журналистерге. 

Бір күн бұрын америкалық Wall Street Journal басылымы мемлекеттік департаментке қарайтын Ғаламдық өзара қимыл орталығының қорытындысын жариялаған. Онда "қаралау" кампаниясына қатысқан төрт онлайн-платформаның артында Ресей барлау қызметі тұрғаны жазылған. WSJ жазуынша, сайттар америкалық Pfizer вакцинасының қаупі жайлы мақалалар жариялап, ресейлік "Спутник V" вакцинасының өндірісіне серпін беруге тырысқан. Аталған платформалар америкалық вакцина жайлы теріс пікір білдірген халықаралық жаңалықтарды жиі жариялап, препараттың қауіпсіздігі мен тиімсіздігі жайлы ақпарат бермеген. 

Нед Прайстың сөзіне қарағанда, сайттарда АҚШ азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын санитарлық бақылау жөніндегі басқарма мақұлдаған екі вакцина туралы жалған ақпарат бар. 

Ақ үй баспасөз хатшысы Джен Псаки брифинг кезінде АҚШ "қолда бар құралдармен қаралау кампаниясына тойтарыс береді" деп мәлімдеді.